Атыраудағы "ҚазМұнайГаз-Бұрғылау" сервистік бұрғылау кәсіпорны" ЖШС-дан 9 миллион теңгеден астам берешек өндірілді. Ол жеке кәсіпкерге тиесілі жұмыс ақысын төлемей қойған, деп хабарлайды atpress.kz. Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жеке кәсіпкер А. Дүзелбаева жауапкер "ҚазМұнайГаз-Бұрғылау" мекемесінен 9 миллион 302 мың теңге берешек сомасын және 93 мың теңге өсімпұлды өндіру туралы талап-арызымен сотқа жүгініпті.
Арыз-шағымда көрсетілгендей, сервистік компания екіжақты техникалық қызмет көрсету келісім шартын жасағанымен, еш негізсіз жеке кәсіпкердің жұмыс ақысын төлемеген.
Алайда сот отырысында екі тарап та дауды бітімгершілік жолмен реттеуге ықылас білдірген. Нәтижесінде, "ҚазМұнайГаз-Бұрғылау" сервистік бұрғылау кәсіпорны А. Дүзелбаеваның есеп-шотына 9 миллион 302 мың теңге аударуға міндеттелді.
Бүгінде бітімгершілік келісім сотпен бекітіліп, іс бойынша өндіріс тоқтаған. Сот ұйғарымы заңды күшіне енді.