Бүркітші қыз Айшолпан Шығыс Қазақстанға қоныс аударды

480

"Қазақстанның біраз жерін аралап көрдік. Соның ішінде Шығыс Қазақстан облысын қоныстануға қолайлы деп таптық".

Бүркітші қыз Айшолпан Шығыс Қазақстанға қоныс аударды Фото: altaynews.kz

Күні кеше әлемге әйгілі бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызының отбасы ШҚО-ның Ұлан ауданына қарасты Бозанбай ауылына көшіп келді, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты altaynews.kz порталына сілтеме жасап.

 Қараша айында ШҚО-да "Шығыс салбурыны – 2023" халықаралық бүркітшілер фестивалі өткен болатын. Сол фестивальға арнайы келіп қатысқан атақты бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызына облыс әкімі шығысқа көшіп келсе, оған көмектесетінін айтқан еді.

Қазақ еліне қоныс аударған бүркітшілер отбасын Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев қабылдап, қоныстануына және алдағы уақытта құсбегілік өнерді дамытуына көмектесетінін айтты.

Бұған дейін  аймақ басшысы саятшылық фестиваль шығыста дәстүрлі түрде жалғасын тауып, Бозанбай ауылы бүркітшілер орталығына айналатынын айтқан болатын. Атақты бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызы енді бұл мақсатты жүзеге асыруға атсалысып, өңірде құсбегілік өнердің дамуына өзіндік үлесін қоспақ.

– Құсбегілік – біздің ұлттық болмысымызды айқындайтын өнер. Қыран бүркіт, ұшқыр тазы, жүйрік ат - біздің болмысымызбен біте қайнасқан құндылықтар. Оны дамыту, жас ұрпаққа насихаттауымыз керек. Сондықтан бар білетініңізді қағазға түсіріп, нұсқаулық кітап жазыңыз. Сол арқылы жас ұрпаққа, туристерге, қызығушылық танытушыларға құсбегілік өнерді үйретейік. Алдағы уақытта Бозанбай ауылынан құсбегілікті насихаттайтын орталық ашуды жоспарлап отырмыз. Құсбегілік ғана емес, ол жерде қазақы құндылықты насихаттау қажет. Сол жерде құсбегілікті дамытуға үлес қосасыздар деп ойлаймыз. Оның жұмысы бойынша тағы ақылдасып, шешім шығарамыз. Айшолпан енді біздің брендіміз ретінде құсбегілік өнерді насихаттауға негіз болуы керек. Ал қоныстану бойынша Ұлан ауданының әкіміне тапсырма бердім, бәрі оң шешімін табады, – деді ШҚО әкімі Ермек Көшербаев.

Отанға оралған бүркітші Нұрғайып Ырысұлы енді шығыста саятшылықты дамытуға барынша үлес қосатынын айтып отыр. Алтайдың арғы бетінен көшкен құсбегі алдағы уақытта құжаттары реттелген соң қыранын да әкелмек.

– Қыран баптап, құс салу - жеті атамыздан бері жалғасып келе жатқан өнер. Арғы аталарымыздан бізге мұра болып қалған өнерді енді қазақ даласында жалғастыратын боламыз. Қаланың іргесіндегі Бозанбай ауылына көшіп келдік. Біріншіден, шығыстың даласы - саятшылыққа қолайлы өңір, екнішіден, ШҚО әкімі шығыста құсбегілікті дамытсақ деген ұсыныс айтты. Сондықтан да осында қоныстануды жөн көрдік. Алдағы уақытта шығыста саятшылық өнердің дамуына барынша үлес қосатын боламыз, – дейді бүркітші Айшолпанның әкесі Ырыс Нұрғайып.

 Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданының Бозанбай ауылында биыл үшінші жыл қатарынан бүркітшілер фестивалі өткен еді. Оған 100-ден астам құсбегі мен итбегі қатысты. Алдағы уақытта бұл фестиваль дәстүрлі түрде жалғасын тауып, құсбегілік өнер туризмді түлетудің тетігіне айналмақ. Бұған атақты бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызы үлес қоспақ.

– Қазақстанның біраз жерін аралап көрдік. Соның ішінде Шығыс Қазақстан облысын қоныстануға қолайлы деп таптық. Көшіп келіп, қоныстануға облыс басшылығы қолдау көрсетіп отыр. Алдағы уақытта құсбегілік өнерді дамыту бойынша бірлесе жұмыс атқаратын боламыз, – деді бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу