Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Ардақ Балғожин екі ауылдағы мектеп директорларының бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны үшін жұмыстан қуылғанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Белгілі болғандай, Тереңкөл ауданы Қызылтаң ауылының директоры өткен ғасырдың 90-ыншы жылы адам өлтіргені үшін тергеуге алынған. Бірақ бұл қылмыс байқаусызда жасалғандықтан, сол тұста мұғалім болып еңбек еткен ер адам түрменің арғы жағына тоғытылмапты. Керісінше, ұстаздық қызметін жалғастыра берген. Бұл жағдай сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері жүргізген сыртқы сараптама жұмыстары нәтижесінде белгілі болды.
Сол сияқты Аққулы ауданындағы мектеп директоры бұған дейін пара алғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғанмен, орнын босатпаған. Жоғарыда аталған екі оқу орнының басшылары да білім беру басқармасының бұйрығы бойынша қызметтен қуылды.
"Білім беру мекемелерінде қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдар жұмыс істемеуі тиіс. Бұл – заң талабы. Соған қарамастан, оған қарама-қайшы әрекеттерге жол берілген. Екі мектеп директорын қызметке қабылдаған азаматтар қазір мемлекеттік қызмет саласында істемейтіндіктен, облыс шекарасынан тыс жерге қоныс аударғандықтан, оларды жауапқа тарту мүмкін емес. Сондықтан қылмыстық жауапкершілікті арқалаған азаматтардың өздері орнын босатты", - дейді Ардақ Балғожин.
Жалпы, сыбайлас жемқорлық қызметі жүргізген сараптама нәтижесінде мемлекеттік мекемелерде еңбек ететін 14 адамның бұған дейін қылмыстық құқық бұзушылыққа барғаны анықталды. Олардың қатарында жоғарыда аталған мектеп директорларынан бөлек, есепшілер, мемлекеттік сатып алу жөніндегі мамандар да бар.
Ажар Дәулетова