Бұрынғы қала тұрғындарына ауыл тұрғындарының жеңілдігі беріледі

617

Сенатта "Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы" Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң қабылданды.

Бұрынғы қала тұрғындарына ауыл тұрғындарының жеңілдігі беріледі

Бұл туралы депутат Нұрлан Бекназаров: "Заң жобасы Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымы саласындағы заңнаманы жетілдіруді көздейді және еліміздің әкімшілік-аумақтық бірліктерінің, оның ішінде аудандық маңызы бар қалалардың мәртебесін толық көлемде қамтуға бағытталған. Қолданыстағы "Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы" заңына сәйкес аудандық маңызы бар қалаларға халық саны 10 мың адамнан кем емес елдімекендер жатады. Қазіргі уақытта 48 аудандық маңызы бар қаланың 13-і халықтың саны бойынша қала мәртебесіне сәйкес келмейді, яғни осы аудандық маңызы бар қалаларда тұрғындар санының аздығына байланысты олардың мәртебесін өзгерту қажеттігі туындады. Алайда қолданыстағы заңнамада аудандық маңызы бар қаланың мәртебесін ауыл санатына өзгерту жөнінде норма қарастырылмаған", – деді.

Сенатордың сөзінше, заң жобасына аудандық маңызы бар қалаларды өзге елдімекендерге қайта құру жөніндегі құзыретті айқындайтын түзету енгізілді. Соған сәйкес қала мәртебесі ауылдық елдімекенге өзгерген жағдайда сонда тұратын азаматтар ауыл тұрғындарына берілетін мемлекеттік әлеуметтік қолдауға ие болады.

"Мысалы, денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет, әлеуметтік қамсыздандыру салалары қызметкерлерінің жалақысына жергілікті өкілді органдардың шешімдері бойынша 25% кем емес үстемақы қосылады. Бұған қосымша тұрғындар коммуналдық төлемдерге, қызметтік тұрғын үйге қатысты жеңілдіктерді пайдалана алады. "Дипломмен ауылға", "Еңбек" бағдарламаларына қатысу мүмкіндігіне қол жеткізеді", – деді депутат. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу