Бұрынғы спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов небәрі 3 жылға сотталды

180

Астанада бұрынғы спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановқа сот үкімі шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Бұрынғы спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов небәрі 3 жылға сотталды Фото: ҚФФ

Тиісті іс қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралды. Сот үкімімен Ерлан Қожағапанов Қылмыстық кодекстің 361-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды.

Экс-шенеунік 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған басшылық лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды, сондай-ақ мемлекеттік наградасынан айырылды. Жаза мерзіміне қамауда болған уақыты есептелді.

Іс бойынша екінші айыпталушы SUCCESS K агенттігінің директоры Ләззат Көккөзова Қылмыстық Кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 5 жылға сотталды. Ол 7 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқара алмайды. Оның да қамауда болған уақыты есептелді.

Қожағапанов Көккөзовамен бірге 2018 жылы Петропавлда Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыру кезінде аса ірі көлемде (1 млрд теңге) қаражат жымқырды деп айыпталған болатын.

Айта кететіні, бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов 2024 жылдың наурыз айында ұсталды.

Антикор экс-шенеуніктің Алматыда ұсталғанын, тергеу изоляторына қамауға алынғанын хабарлады.

Агенттіктің хабарлауынша, бұрынғы вице-министр ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікке ілінген. Қожағапановтың 7 жылдан 12 жылға дейін сотталуы мүмкін екендігі туралы айтылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу