Қырғызстанда әртүрлі құрылымдарда жоғары лауазымдарды атқарған бұрынғы шенеунік ұсталды. Бұл туралы елдің ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты 24.kg агенттігіне сілтеме жасап.
Ұсталған шенеунік осыған дейін Жогорку Кенештің депутаты, Джалал-Абад облысының губернаторы, Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы қызметін атқарған. Ресурстың мәліметінше, бұл Сұлтан Урманаев болуы мүмкін. Себебі оның аты-жөні ұсталған адамның деректерімен сәйкес келеді.
Қырғызстан ҰҚК ақпаратына сәйкес, 1995 жылғы желтоқсаннан 1996 жылғы сәуірге дейін "Қырғызтрансавто" мемлекеттік акционерлік қоғамының басқарма төрағасы қызметін атқарып, лауазымды тұлғалардың көмегімен "Токчулук" акцияларын сатып алған, сондай-ақ бұрынғы ет комбинатының жылжымайтын мүлік нысандарын заңсыз жеке меншікке шығарған.
Заңсыз жекешелендірілген мүліктің құны 626 млн сомға (шамамен 3 млрд 765 млн 511 мың теңге) бағаланып отыр.