Астана тұрғыны өзі жұмыс істеген елордадағы "MrBingo" клубынан 350 мың теңге өндіріп алмақ. Бұл туралы ҚазАқпарат Астана қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
"Астана тұрғыны елордадағы "MrBingo" клубында даяшы болып 1 ай жұмыс істеген. Сосын өз еркімен жұмыстан шығып кеткен. Кейіннен ол әлгі клубтың алдында өзінің даяшы киімімен түскен суреті бар баннерді кездейсоқ көріп қалады. Баннердегі сурет оның келісімінсіз орнатылған болып шықты", - деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасының заңына сәйкес, қандай да бір тұлғаның суретін оның келісімінсіз пайдалануға, жариялауға ешкімнің құқы жоқ. Ал егер суретте бейнеленген тұлға қайтыс болған болса, рұқсат оның заңды мұрагерінен алынуы керек.
"Астана қаласы Алматы аудандық соты шағымданушының арызын қарап, моральдық шығыны үшін клубтан 350 000 теңге өндіру туралы шешім шығарды. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ", - делінген баспасөз баянында.