Конкурс ең алдымен ел астанасында өтті. Байқауға Нұр-Сұлтан қаласының 13 кәсіпкері қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Байқау үш кезеңнен өтті. Әр қатысушыға өзі және бизнесі туралы жан-жақты мәлімет беру, зал мен қазылар алқасы қойған қызықты сұрақтарға жауап беру және шығармашылық әлеуетін көрсету мүмкіндігі берілді.
"Біз елордамыздың кәсіпкер әйелдеріне арнап байқау өткіздік. Оған түрлі жастағы кәсіпкерлер қатысты. Қатысушылар үш турда бақ сынады. Біріншісі – өзін таныстыру, өзі туралы айтып беру, екіншісі – эрудиция, үшіншісі – шығармашылық нөмір. Бұл жоба әйелдер кәсіпкерлігін дәріптеу үшін қажет деп санаймын. Олар өз ісін қалай бастағаны туралы айтып береді. Менің ойымша, мұндай мотивация бәріне пайдалы болады", – деп атап өтті Business Lady Qazaqstan-ның басқарма төрағасы Сәуле Қайсар.
Айта кетейік, байқаудың финалдық бөлігі – Business Lady Qazaqstan ұйымдастырушылары жұмысының қорытынды кезеңі. Екі ай бойы қатысушылар әр түрлі бағыт бойынша жетекші жаттықтырушылардан мастер-клас алды: жеке брендті дамыту, бизнес-тренингтер, стилистің кеңесі және т.б.
"Осы байқаудың арқасында біз сахнада сасқалақтамау, стилистика сияқты көптеген шеберлік сабақтарын алдық. Жас кәсіпкерлердің, бизнес ханымдардың қиын жолдан өтіп, үлкен жетістіктерген жеткенін білдім. Міне бүгінгі кешке бәріміз қатысқалы тұрмыз", – деді байқауға қатысушы Лаура Байжасарова.