Елімізде балалардың терезеден құлауы азаймай тұр

Павлодар облысында тағы бір бала абайсызда мерт болды.  

Елімізде балалардың терезеден құлауы азаймай тұр Фото: Жалағаш жаршысы

Өкінішке қарай, жыл сайын жаз мезгілінде сәбилердің абайсызда терезелерден құлап кетуі жиі орын алады. Биыл Павлодар облысында екі бүлдіршін осындай жазатайым жағдайдың салдарынан өмірден өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Балалардың қауіпсіздігі басты бақылауда болуы керек екені көп айтылады. Алайда, кейде бұл мәселе назардан тыс қалып жатады. Айталық, жазғы уақытта терезелерде арнайы бекіткіштердің болмауы салдарынан жоғары қабаттардан құлап кететін балалар бар. Жергілікті депутат соның салдарынан айдың-күннің аманында көптеген баладан көз жазып қалып жатқанымызды атап өтті. 

"Соңғы бес жылда Павлодар облысында терезеден құлаудың салдарынан 22 бала мерт болды. Бұл – тұтас бір балабақша тобына баратын бүлдіршіндер саны", - дейді Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Гүлжайна Даримова. 

Депутат мұндай жағдайлардың алдын алу үшін ата-аналардың жауапкершілігін арттырып, олардың бейқамдығы жазалануы керек деп есептейді. 

"Меніңше, балалары терезелерден құлап кеткен ата-аналарды жауапқа тарту керек. Егер сіздер 1,5 – 2 мың теңгелік бекіткіштерді орната алмасаңыздар, балалардың не керегі бар? Басқаша амалы болмай тұр. Тек радикалды әдістер арқылы мәселені шешпесек болмайды. Бұл бірінші кезекте ата-аналардың жауапсыздығының жоқтығы. Әрине, ата-аналар үшін қайғылы жағдай екенін түсінемі. Әр адам мұндай жайт оның басына келмейді деп ойлайды. Бірақ кейбіреулер дәмханадағы кешкі ас үшін 10 мың теңгеден артық соманы қалдырып жатады. Бұл ақшаға пәтердегі барлық бөлменің терезесіне бекіткіш қоюға болады", - деп санайды депутат. 

Еске сала кетейік, таяуда ғана Екібастұз қаласында үш жасар бала бесінші қабаттан құлап, келесі күні ауруханада жан тапсырды. Оқыс оқиға орын алған кезде ата-анасы үйде болған. Терезеде бекіткіш те орнатылған. Тек жөндеу жұмыстарына байланысты бекіткіштер мен темір торлар уақытша алынып тасталған көрінеді. Дәл сол уақытта жазатайым жайт орын алды. 

Бұл – жыл басынан бері орын алып отырған екінші қайғылы жағдай. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу