Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының жалпы отырысында Қазақстанның Семей облысында халықты оңалту, қоршаған ортаны қалпына келтіру және экономикалық дамыту мақсатындағы халықаралық ынтымақтастық және әрекетті үйлестіру туралы қарар бірауыздан қабылданды. Бұл туралы inbusiness.kz сайты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл – БҰҰ Бас Ассамблеясының Семей облысына арналған он бірінші қарары. Оның алғашқысы 1997 жылы қабылданды. Сондай-ақ, БҰҰ-ның 85 мүше-мемлекеттері қарардың бірлескен авторлығына қосылды.
"Семей өңірі бойынша қабылданған қарар – халықтың, әсіресе жас балалар мен басқа да осал топтағы адамдардың өмірі мен денсаулығына ядролық сынақтардың ұзақ мерзімді салдарына халықаралық қоғамдастықтың алаңдаушылығының көрнекті дәлелі", – делінген ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хабарламасында.
Ресми мәліметтерге сәйкес, құжатта Семей өңірінің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ішкі ресурстар бөлудегі Қазақстан Үкіметінің маңызды рөлі туралы айтылған. Сонымен қатар, қарар халықаралық қауымдастықты "Зардап шеккен халықты емдеу мен оларға қызмет көрсету үшін арнайы бағдарламалар мен жобаларды әзірлеуде және жүзеге асыруда, сондай-ақ, Семей өңірінің экономикалық өсуі мен орнықты дамуын қамтамасыз ету бойынша күш-жігерде Қазақстанға көмек беруге" шақырады.