БҰҰ басшысы Украинаның оккупацияланған территорияларын Ресейге қосуды айыптады

614

Антонио Гутерриш Украинаның төрт аймағындағы ресейлік референдумдар БҰҰ Жарғысын бұзғандықтан айыптауға лайық деп мәлімдеді.

БҰҰ басшысы Украинаның оккупацияланған территорияларын Ресейге қосуды айыптады

"Украинаның Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарын аннексиялау туралы кез-келген шешім заңды күшке ие болмайды және айыптауға лайық".

Бұл туралы БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш Нью-Йорктегі журналистерге сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz БҰҰ-ға сілтеме жасай отырып.

Оның айтуынша, Ресейдің мұндай шешімі халықаралық құқықтың ережелеріне сәйкес келмейді әрі қауіпті шиеленіс тудырады.

"[Мұндай шешімге] қазіргі әлемде орын жоқ, болмайды да", – деп қосты БҰҰ басшысы.

Оның айтуынша, бүгін Кремль ертең Мәскеуде Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарын қосу процесін бастайтын рәсім болатынын жариялады. Антонио Гутерриш оның Бас хатшы ретіндегі міндеті осы жағдайда БҰҰ Жарғысын қорғау екенін айтты.

"Ал БҰҰ Жарғысында бір мемлекеттің аумағын екіншісі күш көрсету немесе оны қолдану қаупін тудыру арқылы аннексиялау БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық принциптерін бұзатыны анық көрсетілген", – деді Антонио Гутерриш.

Біріккен Ұлттар Ұйымының ұстанымы өзгермеді және БҰҰ-да қабылданған қарарларға сәйкес келеді. Украинаның егемендігін, бірлігін, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын оның халықаралық деңгейде танылған шекараларында ұстануды көздейді.

"Мен аталмыш референдумдар Украинаның заңды және конституциялық бақылауынан тыс, белсенді қарулы қақтығыс жалғасып жатқан Ресей оккупациясындағы аумақтарда өткенін атап өткім келеді. Олар халықтың шынайы ерік-жігерін көрсете алмайды", – деді Антонио Гутерриш.

Ресейдің аннексия туралы кез-келген шешімі, БҰҰ басшысының пікірінше, "әлемнің болашағына одан әрі нұқсан келтіреді", сонымен қатар жаһандық экономикаға, әсіресе дамушы елдерге жағымсыз салдарларды күшейтеді. Мұндай шешім, Бас хатшы атап өткендей, БҰҰ-ның Украина мен одан тыс жерлерге көмек жеткізуіне кедергі келтіреді.

Оның айтуынша, бүгінде "бұл мағынасыз, бірақ жойқын соғысты" тоқтату, сондай-ақ БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқықты қорғау үшін күш біріктіру бұрынғыдан да маңызды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу