БҰҰ әлеуметтік дағдарыспен күресу үшін донор елдерден 22 миллиард доллар көлемінде қаржы сұрады. Бұл қаражат 21 елге көмек көрсету үшін жұмсалады, деп хабарлайды 24.kz.
Ең ауқымды дағдарыс бүгінде Йемен мемлекетінде тіркеліп отыр. Ұйымдастырушылар 4 миллиард долларды осы елге аудармақ.
БҰҰ хабарлауынша, Йемен үкіметіне бұдан да бөлек қосымша қаржылай қолдау қажет.
"Басқа елдермен салыстырғанда Йемендегі жағдай өте мүшкіл. Мемлекетте тұратын 24 миллион адамның 75 пайызы әлеуметтік көмекке мұқтаж. БҰҰ жиналған қаржыны осы елге бөлмекші және, ең бастысы, мұндай дағдарыстың алдын алу үшін елдің үкіметіне де қолдау көрсету қажет. Сонда билік өкілдері маңызды салаларды қаржыландыра алады. Йемен мұнайға тәуелді. Шикізаттан түсетін кірістің азаюы елді осындай халге жеткізіп отыр", - дейді БҰҰ төтенше көмек бойынша координатор Марк Локок.