Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Израильдің Газаға жасаған шабуылдарының салдарынан жағдай ушығып, бейбіт тұрғындар қаза тауып, тұрғын аудандарда үлкен қиратулар болып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Стефан Дюжарриктің айтуынша, Газа секторындағы БҰҰ гуманитарлық миссиясының өкілдері солтүстікте жағдайдың одан әрі нашарлап жатқанын жеткізген. Израильдің үздіксіз әуе шабуылдары бейбіт тұрғындардың қаза болуына және тұрғын аудандардың қатты қиратылуына әкеп соғуда.
Дюжаррик 3 қазанда Израиль шабуылы кезінде ауруханаға бару үшін автобус күтіп тұрған гуманитарлық ұйым қызметкері қаза тапқанын, тағы төртеуі ауыр жараланғанын айтты. Сондай-ақ ол 8 қазаннан бері Газа секторында кемінде 562 гуманитарлық ұйым қызметкері опат болғанын, олардың 376-сы БҰҰ-да істегенін атап өтті.
Израильдің Газа қаласына шабуылдарын жалғастырып жатқанын айтқан Дюжаррик:
"Біздің серіктестеріміз жүздеген мың адамның әлі де солтүстікте қамалып қалғанын хабарлауда. Олардың басым бөлігі орын ауыстыруға қауқарсыз, тұрақты қоныс аударулардан әбден титықтаған", – деді.
Медициналық қызметкерлердің айтуынша, кадрлардың басым бөлігі оңтүстікке қашқан немесе үздіксіз шабуылдарға байланысты жұмысқа шығудан қорқады.
"Біз, БҰҰ, бейбіт тұрғындар әрқашан қорғалуға тиіс екенін еске саламыз. Бұл гуманитарлық және шұғыл көмек көрсететін топтарға да қатысты. Сондай-ақ оккупациялық күш – Израиль бейбіт халықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге міндетті", – деп түйіндеді Дюжаррик.