БҰҰ Газа секторында ұзақ мерзімді гуманитарлық үзілісті шұғыл жариялауға шақырды

278

Ұйымның Қауіпсіздік Кеңесі тиісті қарарды мақұлдады.

БҰҰ Газа секторында ұзақ мерзімді гуманитарлық үзілісті шұғыл жариялауға шақырды Фото: pixabay.com

12 мемлекет Газа секторындағы ұрыс қимылдарында жедел және ұзақ гуманитарлық кідірістерді талап ететін қарарға дауыс берді және тағы үшеуі қалыс қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты CNN арнасына сілтеме жасап.

Отырыс барысында Ресей Федерациясының тұрақты өкілі Василий Небензя “Газа секторында дереу бітімгершілікке шақыру” мәтініне түзету енгізуді ұсынды. Бұл ұсынысты бес ел қолдап, тоғызы қалыс қалды. Түзету қажетті дауыс санын жинай алмағандықтан, мақұлданбады.

Алайда Associated Press агенттігінің мәліметтеріне сәйкес, құжатта Израильдің ХАМАС-қа қарсы әуе шабуылдары мен Газа секторы құрлығындағы операция туралы нақты пікірлер жоқ.

Қарар БҰҰ, Қызыл Крест және басқа да гуманитарлық ұйымдар мұқтаж жандарға суды, электр қуатын, отынды, азық-түлік пен дәрі-дәрмектерді кедергісіз жеткізе алатындай гуманитарлық үзілістер мен дәліздер құруға шақырады. Құжатта кідірістер негізгі инфрақұрылымды жөндеуге және шұғыл құтқару мен қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беруі қажет екені мәлімденген.

Құжат мәтіні барлық тараптардан халықаралық заңдар бойынша өз міндеттемелерін, әсіресе, бейбіт тұрғындарды, атап айтқанда балаларды қорғауға қатысты міндеттемелерді орындауды талап етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу