БҰҰ: Газада екі күн ішінде азық-түлік алуға тырысқан 100-ден астам адам қаза тапты

166

Газа секторында соңғы екі күн ішінде 100-ден астам бейбіт тұрғын көз жұмып, жүздеген адам жараланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

БҰҰ: Газада екі күн ішінде азық-түлік алуға тырысқан 100-ден астам адам қаза тапты Фото: Getty Images/bbc

Бұл туралы БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, баспасөз хатшысы Фархан Хак мәлімдеді.

Оның айтуынша, адамдар Израильдің әскери бақылауындағы гуманитарлық көмек тарату нүктелерінен азық-түлік алуға тырысқан кезде оқиға орын алған.

БҰҰ өкілі бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, ешкім азық-түлік алу үшін өмірін қатерге тігуге тиіс емес екенін атап өтті. "Бейбіт тұрғындар қандай жағдай болмасын қорғалуы тиіс", – деді Хак Нью-Йоркте өткен күнделікті баспасөз мәслихатында.

Фархан Хак гуманитарлық көмектің жеткізілуіне кедергілерді жою қажеттігін айтты. Ол бірнеше айға созылған азық-түлік тапшылығы Газа секторындағы жағдайды одан сайын ушықтырып отырғанын ескертті.

"Көмекті тарату еркін және қауіпсіз болуы тиіс. Гуманитарлық ұйымдардың қызметкерлері өз міндеттерін шұғыл әрі қауіпсіз түрде орындауға мүмкіндік алуы керек", – деді БҰҰ өкілі.

Айта кетейік, бұл – БҰҰ тарапынан Израильдің Газа секторындағы көмек тарату тәсілдеріне қатысты жария түрде айтылған кезекті сын. Ұйым дерегінше, азық-түлікке зәру болған халықтың шоғырлануы, көмектің жеткілікті әрі әділ таратылмауы адам шығынына себеп болып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу