БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) Газадағы ахуалға қатысты жаңа есебі жарияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты БҰҰ ресми сайтына сілтеме жасап.
ЮНКТАД деректері бойынша 2024 жылы Газа секторының ЖІӨ-і алдыңғы жылмен салыстырғанда 83 пайызға төмендеді. Жан басына шаққандағы ЖІӨ жылына 161 долларға дейін азайды. Бұл күніне 50 центтен де аз, әлемдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі. Сонымен қатар экономиканың жалпы көлемі 2022 жылғы деңгейдің 13 пайызына дейін құлдырады.
ЮНКТАД-тың Палестина халқын қолдау бағдарламасының үйлестірушісі, аға экономист Мутасим Элаграаның сөзінше, дағдарыс жетпіс жылдық дамуды іс жүзінде жойып жіберген.
"Газа экономикасы 2022 жылдан бері өз құнының 87 пайызын жоғалтты. Жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткіші 22 жыл бұрынғы деңгейге түсті", – деді Мутасим Элаграа.
Бұдан басқа жұмыссыздық деңгейінің жалпы көрсеткіші 50 пайызға жеткен, ал Газа секторында бұл көрсеткіш 80 пайыздан да жоғары. ЮНКТАД бас хатшысының орынбасары Педро Мануэль Мореноның сөзінше, Палестинаның қаржылық жағдайы мүшкіл. Бұған кірістердің азаюы және фискалдық аударымдар әсер етіп отыр.
Баяндамада айтылғандай, Газадағы барлық мектептер мен университеттердің қиратылуы балаларды білім алу мүмкіндігінен айырған. Сарапшылар бұның салдарын бірнеше ұрпақ сезеді деген пікірде.
"Газа 70 жылдық дамудан айырылды", – деді Мутасим Элаграа.
БҰҰ, ЕО және Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша Газаны қалпына келтіруге 70 млрд доллардан астам қаржы қажет.