Біріккен ұлттар ұйымы (БҰҰ) Иранның жаһандық ядролық қарусыздануға қатысты қарарын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сенбі күні БҰҰ-ның бірінші комитеті Иранның жаһандық ядролық қарусыздану жөніндегі қарарын қолдап, дауыс берді. Қарарды 112 делегат қолдаса, 44-і қарсы болды, 15 мемлекет дауыс беруден қалыс қалды.
Қарарда ядролық қарумен қаруланған барлық елдерді ядролық қаруды таратпау туралы шартқа сәйкес өз арсеналдарын жоюға шақыратын үндеу жарияланған. Сондай-ақ аталған елдер жаңа ядролық қару өндірісін тоқтатып, оларды өзге мемлекеттерге экспорттауын немесе өзге территорияларда орналастыруын тоқтатуға тиіс.
ИРНА агенттігінің хабарлауынша, құжатқа қарсы дауыс бергендер арасында АҚШ, Израиль, Ұлыбритания, Ресей және Франция бар.
Атап өтілгендей, Теһран әзірлеген қарар 1995, 2000 және 2010 жылдары өткен ядролық қаруды таратпау туралы шарттың іс-әрекетін қарастыру бойынша ратификацияланған конференцияға негізделген.