БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етуге кіріскен Қазақстан алғашқы отырысын өткізді

906

  БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етуге кіріскен Қазақстан алғашқы отырысын өткізді

Қазақстан төрағалық еткен БҰҰ қауіпсіздік кеңесі 2018 жылдағы алғашқы отырысын өткізді, деп хабарлайды 24.kz.

Алғашқы отырысты "шұғыл" деп атауға тура келді. Өйткені тараптар Ирандағы мәселені табан астынан тақылауға көшті. Қазақстан төрағалық еткен БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің алғашқы ашық отырысында жоспардан тыс мәселені қарауға тура келді. Өйткені Ирандағы жағдай күн тәртібінде болмаған еді. Бірақ АҚШ тарапының ұсынысынан кейін бұл мәселе басты тақырыпқа айналды.

Негізгі баяндамашы Тайе-Брук Зерихуннің айтуынша, Таяу Шығыстағы соңғы оқиғаларға қатысты әлем пікірі екіге жарылып отыр. Біреулер ереуілге шыққандарды жақтаса, екінші жақ бұл Иранның ішкі мәселесі деп есептейді.

"Иран Ислам республикасындағы ереуілдер 2017 жылдың 28 желтоқсанында басталды. Елдегі экономикалық жағдайға көңілі толмаған Мешхед қаласының жүздеген тұрғыны көшеге шығып, наразылық танытты. Одан кейін дәл осындай жағдай басқа қалаларда қайталанды. Оның кейбірін басу үшін күш қолданғаны белгілі. Бірақ қазір жарияланып жатқан кадрлардың рас-өтірігін тап басып айта алмаймыз. Өйткені Иранда БҰҰ өкілдері өте аз", - дейді Тайе-Брук Зерихун, БҰҰ бас хатшысының саяси мәселелер бойынша көмекшісі.

Ал Қазақстан тарапының ұстанымы өзгерген жоқ. БҰҰ-дағы тұрақты өкіліміз Қайрат Омаров еліміздің халықаралық нормалар мен қағидаларды негізге алатынын және Иранның тұтастығына құрметпен қарайтынын алға тартты. Ал байқаушылар Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесіндегі қызметіне жоғары баға беріп отыр. Өйткені қысқа уақыт аралығында кеңестің жұмысын жүйелеп, өзекті мәселелер талқыланған кезектен тыс жиын өткізіп үлгерді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу