Мәулен Әшімбаев 30 жылда Қазақстан мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасында тығыз қарым-қатынас орнағанын атап өтті. Сондай-ақ ол БҰҰ-мен ынтымақтастық еліміздің сыртқы саясаттағы негізгі басымдығы екенін тілге тиек етті.
"Мемлекет басшысы тарапынан тұрақты даму мәселелеріне айрықша мән беріліп келеді. Қазақстанның ұлттық басымдықтары БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму мақсаттарымен және бағдарламасымен тығыз байланысты. Ұйым белгілеген мақсаттар біздің стратегиялық құжаттармен және бағдарламалармен интеграцияланған", – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Спикері БҰҰ Бас Ассамблеясы 76-сессиясының төрағасына Қазақстанда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан реформалар туралы да айтты. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша өткізілген референдумның нәтижесі Мемлекет басшысының жаңғыру бағдарын қолдаған көрсеткіштердің бірі екені сөз болды.
Өз кезегінде Абдулла Шахид Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар дер кезінде қолға алынғанын және олар елдің одан әрі дамуына айтарлықтай үлес қосатынын атап өтті.
Сонымен қатар сұхбаттасушылар алдағы уақытта Қазақстан астанасында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне тоқталды. Кездесу барысында аталған Форумның әлемдік діндер мен халықтарды жақындастыру және толеранттылық идеяларын ілгерілету ісінде маңызды рөл атқаратыны айтылды. Съезд Хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаев қатысатынын растағандар қатарында БҰҰ құрылымына кіретін БҰҰ Өркениеттер Альянсы мен Парламентаралық Одақ басшылары да бар екенін жеткізді, сондай-ақ съезд аясында БҰҰ Бас Хатшысы Антониу Гутерриш бейнеүндеу жасайды деп күтіледі.
"Съезд қорытындысы бойынша Декларация қабылданады. Құжатта әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерін ұзақ мерзімді тұрақтылық пен бейбітшілікке қол жеткізу процесіне белсенді жұмылдыруға қатысты бірқатар маңызды ережелер қамтылады", – деді Мәулен Әшімбаев.
Өз сөзінде Абдулла Шахид Қазақстанның дінаралық және өркениетаралық диалогты қалыптастырып, оны нығайтуға қосып отырған үлесі мен осы бағыттағы жұмысының маңызын жоғары бағалады. Ол БҰҰ тарапынан Съезге қолдау көрсетілгенін атап өтіп, қазіргі таңда дін лидерлерінің рөлі әлемді одан әрі дамыту және жаһандық диалог мәдениетін нығайту үшін өте маңызды екеніне назар аударды.