БҰҰ Қазақстанда өлім жазасын алып тастау туралы хаттаманы ратификациялауды тездетуге шақырды

1037

Елімізде өлім жазасын президенттің 2003 жылғы мораторий енгізу туралы жарлығымен тоқтатылған еді.

БҰҰ Қазақстанда өлім жазасын алып тастау туралы хаттаманы ратификациялауды тездетуге шақырды

БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі бюросы Қазақстанның өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші факультативті хаттамасына қол қоюын құптайды, делінген ведомствоның аймақтық кеңсесінің хабарламасында.

"Хаттамаға қол қоя отырып, Қазақстан өлім жазасынан алшақтайтын әртүрлі құқықтық жүйелері, дәстүрлері, мәдениеті мен діні бар елдердің қатарына қосылды. Бұл қадам мемлекеттердің өлім жазасы адамның қадір-қасиетіне нұқсан келтіретіндігін және оның алынып тасталуы адам құқықтарының нығаюы мен прогрессивті дамуына ықпал ететіндігін мойындайтынын көрсетеді", – деді Орталық Азия аймақтық кеңсесінің басшысы Ришард Каменда.

БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі бюросы Қазақстанды қол қойылған хаттаманы тезірек ратификациялауға шақырады.

"Біз Қазақстанға Екінші Факультативтік Хаттамада талап етілгендей, өз юрисдикциямыздағы өлім жазасын жою үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға кез-келген көмек көрсетуге дайынбыз", – деп айтып өтті Ришард Коменда.

Айта кетсек, биылғы жылдың 23 қыркүйегінде БҰҰ штаб-пәтерінде Қазақстанның Тұрақты өкілі Қайрат Омаров Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші факультативті хаттамасына қол қойды. Хаттама күшіне енуі үшін оны ел парламенті ратификациялауы қажет.

Қазақстанда өлім жазасын қолдану президенттің 2003 жылғы тиісті мораторий енгізу туралы жарлығымен толығымен тоқтатылған еді. 2004 жылдан бастап Қазақстанда жазаның жаңа түрі – өмір бойына бас бостандығынан айыру енгізілді.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу