ҚР цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев пен БҰҰ бас хатшысының орынбасары Атул Харе БҰҰ бітімгершілік миссиялары үшін әскери техника мен жылубейнелік жабдықтарын ұсыну, спутниктік мониторинг саласындағы ынтымақтастық, сондай-ақ цифрландыру және телемедицина саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелерін талқыланды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Атул Харенің БҰҰ бітімгершілік миссияларында қазақстандық әскери техниканы пайдалану жөніндегі ұсынысын қазақстандық тарап бірден құптап, аталған сала бойынша біздің еліміздің әлеуеті зор екенін және осы бағыттағы ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылысының бар екенін жеткізді.
"Бүгінгі күні Қазақстанда әскери техника мен жабдықтарды, соның ішінде брондалған автомобильдер, тікұшақтар, жылубейнелік жабдықтар, қару-жарақ пен оқ-дәрілер шығаратын кәсіпорындар саны баршылық. Осы әскери әлеуеттің бейбітшілікті сақтауға қызмет етуіне мүдделіміз", – деп атап өтті Асқар Жұмағалиев.
Атул Харе кәсіпкерлердің БҰҰ өткізетін сатып алу бағдарламаларына қатысуы мен олардың өз мүмкіндіктері туралы хабардар болуын арттыру үшін алдағы күндері бизнес-семинарлар өткізу жоспарлағанын атап өтті.
Бұдан өзге, жоғары делегация мүшелері Қазақстанда алғаш рет өткізіліп жатқан бітімгершілік технологиялары бойынша әріптестік жөніндегі V Халықаралық Симпозиумға қатысуда.