БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Микаела Фриберг-Сториді Қазақстан Үкіметінің келісімімен БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі лауазымына тағайындады.
Ресми мәліметке сүйенсек, Микаела Фриберг-Сторидің бейбітшілік, қауіпсіздік және даму саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар.
Бұған дейін ол Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қоғамдарында еңбек етіп, Швеция Үкіметі жанындағы Бейбітшілік, қауіпсіздік және даму агенттігінің қауіпсіздік секторын реформалау бөлімінің бастығы ретінде Швеция Сыртқы істер министрлігі Қауіпсіздік саясаты департаментінде қызмет атқарған.
"БҰҰ-ның Косоводағы уақытша әкімшілігі миссиясының құрамында Фриберг-Стори ханым Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының сайлауды бақылау бойынша миссияларын басқарды. Еуропалық Одаққа интеграция кеңесінің директоры және БҰҰ-ның Косово бойынша Арнайы өкілі лауазымында қызмет етті. Халықаралық деңгейдегі мансабын "Шекарасыз дәрігерлер" ұйымынан бастаған. Фриберг-Стори ханым Стокгольм Университетінің саяси ғылымдар бойынша бакалавр және Уппсала Университетінің гуманитарлық көмек бойынша магистр дәрежелеріне ие", – деп жазылған ресми ақпаратта.
Есжан Ботақара