БҰҰ штаб-пәтерінде Қазақстанның волонтерлік тәжірибесі таныстырылды

511

Қазақстанның бастамасымен БҰҰ штаб-пәтерінде волонтерлікке арналған халықаралық іс-шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

БҰҰ штаб-пәтерінде Қазақстанның волонтерлік тәжірибесі таныстырылды Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған Халықаралық волонтерлер жылы аясында Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде волонтерлік қозғалысты дамытуға арналған бірқатар халықаралық іс-шара өтті.

Шаралар Қазақстанның бастамасымен ұйымдастырылып, оларды АӨСШК-ға төрағалық етуші Әзербайжан, АӨСШК Хатшылығы және БҰҰ Волонтерлер бағдарламасы (UNV) қолдады.

Бағдарлама аясында "АӨСШК-ға мүше мемлекеттердегі волонтерлік" фотокөрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар "АӨСШК-ға мүше мемлекеттердегі волонтерліктің үздік тәжірибелері" тақырыбында халықаралық панельдік пікірталас ұйымдастырылып, АӨСШК елдеріндегі волонтерлік қозғалыстың даму тәжірибесіне арналған электронды жинақтың таныстырылымы өтті.

Кездесу барысында Қазақстанның волонтерлік саланы дамытудағы тәжірибесі кеңінен талқыланды. БҰҰ өкілдері еліміздегі волонтерлер қызметін есепке алудың ұлттық жүйесін және волонтерлік мәдениетті қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік бастамаларды жоғары бағалады.

Іс-шараларға БҰҰ өкілдері, АӨСШК-ға мүше мемлекеттердің делегациялары мен халықаралық сарапшылар қатысып, волонтерлік қозғалысты дамыту, жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру және халықаралық әріптестікті нығайту бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті.

БҰҰ штаб-пәтерінде өткен бұл кездесулер Қазақстанның халықаралық деңгейде волонтерлік бастамаларды ілгерілетудегі белсенді әрі маңызды рөлін тағы бір мәрте көрсетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу