Біріккен Ұлттар Ұйымы Түркия елінің шет тілдерінде жазылған ресми құжаттардағы атауын өзгерту туралы өтінішін қанағаттандырды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілі Стефан Дюжарриктің айтуынша, ұйым өкілдері Түркия Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлының елдің атауын өзгерту туралы өтінішін қабылдаған. Өзгерту СІМ басшысының хатынан кейін күшіне енді. Осылайша Түркия ресми құжаттарда Turkey емес Türkiye болып жазылатын болды.
1 маусымда Чавушоғлы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке халықаралық және ресми құжаттарда Түркия атауын өзгерту туралы құжатты жіберді.
Оның айтуынша, бұл шешім Анкараның "халықаралық аренадағы беделін арттыру" бағдарламасы аясында қабылданды.
Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоған 2021 жылдың желтоқсанында елдің жаңа экспорттық брендін Türkiye деп бекіту туралы жарлыққа қол қойды. Мемлекет басшысы жаңа атау елде жасалатын өнімдердің танымалдығын арттырады деп мәлімдеді. Қазір түркиялық тауарларға Made in Türkiye деп жазылуда.
Фото: apnews.com