БҰҰ Украина қарамағына өткен өлкелерге гуманитарлық көмек жібереді

594

БҰҰ-ның 585 гуманитарлық серіктесі қазірдің өзінде Украина бойынша 12,8 миллион адамға көмек көрсетті. Халықаралық ұйым бұл көрсеткішті 18 млн адамға жеткізуді жоспарлап отыр. 

БҰҰ Украина қарамағына өткен өлкелерге гуманитарлық көмек жібереді

Осы аптада БҰҰ және ұйымның серіктестері гуманитарлық көмекті Украина үкіметінің бақылауына оралған Харьков облысының аудандарына жеткізеді. Бұл туралы Нью-Йоркте өткен брифингте БҰҰ басшысының баспасөз хатшысы Стефан Дужаррик мәлімдеді.

Баспасөз хатшысының айтуынша, өткен демалыс күндері Украинаның орталық және шығыс аймақтарындағы қақтығыстар бейбіт тұрғындар арасында жаңа шығындарға алып келді, сонымен қатар электр мен судың тоқтап қалуына себеп болды.

"Жергілікті билік пен біздің серіктестеріміздің айтуынша, соңғы айларда соғыс қимылдары зардап шеккен аудандарда электр қуаты мен су шектеулі режимде беріліп жатыр", – деп толықтырды Дужаррик.

Ол сондай-ақ БҰҰ мен ұйымның серіктестері Харьков облысының билігімен соғыс аймағында қалған аудандардың тұрғындарына қолдау көрсету мүмкіндігін талқылап жатқанын айтты.

"Осы аптада гуманитарлық көмек Украинаның бақылауына оралған Харьков облысының аудандарына жеткізіледі", – деді БҰҰ өкілі.

Динара Мұрат

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу