Запорожьедегі атом электр станциясындағы шабуылдан кейін қауіп төніп тұрған жоқ, бірақ жағдай кез-келген уақытта өзгеріп кетуі мүмкін. МАГАТЭ басшысы Ресейдің өтініші бойынша шақырылған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында осындай мәлімдеме жасады.
Рафаэль Гросси Мәскеу мен Киевті МАГАТЭ-мен бірлесе жұмыс істеуге және сарапшылардың Еуропадағы ең ірі атом станциясына тезірек баруына мүмкіндік беруге шақырды.
"Запорожье АЭС-індегі жағдайға алаңдаймын, ядролық қауіпсіздікке қауіп төндіретін кез-келген әскери іс-қимыл дереу тоқтатылуы керек екенін тағы да қайталаймын. Үлкен атом объектісінің жанындағы соғыс қимылдарының салдары жойқын болуы әбден мүмкін", – деді ол.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш ЗАЭС айналасында демилитаризацияланған аймақ құруды ұсынып, бұл нысанды шабуыл операциясының бір бөлігі ретінде пайдалануға болмайтынын мәлімдеді.
Бірақ Ресей Запорожьедегі атом электр станциясында қарусыздандырылған аймақ құру ұсынысынан бас тартты.
Табиғат Нұрболат