Былтыр 127 көлік жүргізушісі полицейлерге пара ұсынған

349

Бүгінгі таңда бұл деректер бойынша қылмыстық істер тергеліп жатыр.

Былтыр 127 көлік жүргізушісі полицейлерге пара ұсынған Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Тілшілер спикерден 2023 жылы полиция қызметкеріне пара ұсынған қанша көлік жүргізушісі жауапқа тартылғанын сұрады.

"Мұндай статистикалық мәліметтер бар. Расында да, көлік жүргізушілерінің біздің қызметкерлерге пара ұсынған деректері де бар. Алдында да айтып кеткен болатынбыз. Полиция қызметкерлерінің арасында Integrity check деген бағдарлама жұмыс істейді. Оның аясында былтыр пара беру фактілерінің 127 дерегі анықталды. Олар бойынша бүгінгі таңда қылмыстық істер тергеліп жатыр", - деп жауап берді Қайсар Сұлтанбаев.

Бұдан бөлек ведомство өкілі барлық жол ережесін бұзу фактілері бойынша ескерту жасала бермейтінін баса айтты.

"Әр құқық бұзушылықтың өзінің деңгейі болады. Соған байланысты шара қолданылады. Мысалы, ауыр құқық бұзушылықтар болып жатса, тек қана айыппұл салу емес, жүргізуші куәлігін айыру, қамалуға дейін шаралар қолданылып жатады. Ал енді ұсақ-түйек жол ережесін бұзу фактілері кезінде ескертумен де шектелу Әкімшілік құқық бұзушылық кодексте көзделген. Соның бірі 620-бапты айтсақ болады. Сонымен бірге күндізгі уақытта көліктер жарықтарын жақпай жүрген кезде ескерту жазатын кездеріміз болады. Статистикаға сүйенер болсақ, былтырдың өзінде осындай 597 мың көлік жүргізушісі ескертумен шектелген болатын", - деді ведомство өкілі.

Айта кету керек, осыған дейін былтыр 10 млн-нан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілгенін жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу