Былтыр 14 миллионнан астам сәбиге бірде-бір екпе салынбаған – БҰҰ

334

2024 жылы әлемде 20 миллионға жуық сәби дифтерия, сіреспе және көкжөтелге қарсы вакцинадан құр қалды.  

Былтыр 14 миллионнан астам сәбиге бірде-бір екпе салынбаған – БҰҰ Фото: canva

Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) мен БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты Қазақпаратқа сілтеме жасап. 

БҰҰ-ның ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, 14,3 миллион бала бірде-бір вакцина дозасын алмаған. Соған қарамастан, өткен жылы әлем бойынша сәбилердің 89 пайызы, шамамен 115 миллион бала, дифтерия, сіреспе және көкжөтелге қарсы ең кемі бір доза екпе алған, ал 85 пайызы, шамамен 109 миллион, үш дозадан тұратын толық курсты аяқтаған.

ДДҰ мәліметінше, балалар түрлі себептермен екпе ала алмай отыр: медициналық қызметтердің шектеулі қолжетімділігі, вакциналардың жеткізілуіндегі үзілістер, қақтығыстар, тұрақсыздық және дезинформация.

– Сыртқы көмектің күрт азаюы және вакциналардың қауіпсіздігі туралы жалған ақпарат ондаған жылдар бойы жинақталған жетістіктерге қауіп төндіруде. ДДҰ серіктестерімен бірге елдерге жергілікті шешімдер табуға және ішкі инвестицияларды арттыруға көмектесу жұмысын жалғастырады, – деді ДДҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус.

Әлемдегі барлық сәбилердің төрттен бірі тұрақсыздық, қақтығыс немесе төтенше жағдайлар орын алып жатқан 26 елде тұрады. Дәл осы елдерде екпе алмаған балалардың жартысы шоғырланған. Олардың саны 2019 жылы 3,6 миллион болса, 2024 жылы 5,4 миллионға жетті. Бұл иммундауды гуманитарлық бағдарламаларға міндетті түрде енгізу қажеттігін көрсетеді.

– Қысқарып жатқан бюджеттер, әлсіз денсаулық сақтау жүйелері, қақтығыстар санының өсуі және дезинформация – артқа шегіну қаупінің белгісі. Жағдай өзгеріп келеді, ал миллиондаған баланы алдын алуға болатын аурулардан қорғау үшін дәл қазір әрекет ету керек, – деп мәлімдеді ЮНИСЕФ ұйымының атқарушы директоры Кэтрин Рассел.

2024 жылы қызылша ауруының өршуі 60 елде тіркелді – бұл 2022 жылмен салыстырғанда екі есе көп.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу