Былтыр 140 мың жұп үйленіп, 59,8 мыңы ажырасып кеткен

922

2018 жылмен салыстырғанда ажырасқандар саны 9,1% артқан.

Былтыр 140 мың жұп үйленіп, 59,8 мыңы ажырасып кеткен

Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметінше, былтыр АХАТ органдары 139,5 мың некені тіркеген. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 1,2%-ға көбірек. Өткен жылы неке қиғандардың 70,4%-ы (98,2 мың) қалаларда, ал 29,6%-ы (41,3 мың) ауылдық жерлерде тіркелген.

2019 жылы алғаш рет отбасын құрған ер-азаматтардың үлесі 81,8% болса, 83,6%-ы – әйелдер. Ал орташа жас көрсеткіші ерлерде – 27,6. Әйелдер орташа алғанда 25 жасында тұрмысқа шыққан. Әйелдердің жартысына жуығы 20-24 жасында тұрмыс құрған екен. Ерлердің 35,6%-ы 25-29 жасында үйленді.

Былтыр жаңадан шаңырақ көтергендердің көбі елорданың, ал ең азы Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары. Жалпы тіркелген некелердің 15,8%-ы – этносаралық, ал 84,2%-ы бір ұлт өкілдері арасында. Ажырасқаннан кейінгі некелесу көрсеткіші ерлер арасында 16,6%, әйелдерде 14,6%.

2018 жылмен салыстырғанда былтыр ажырасулар саны 9,1% артып, 59,8 мыңды құраған. Ауылдық жерлерде некесін бұзғандар – 26,3% (15,7 мың жұп), қалада – 73,7% (44,1 мың).

Ажырасу Павлодар облысында жиірек байқалған, ең азы – Түркістан облысында. Бірінші некені ерлер орташа алғанда 37,9 жаста, ал әйелдер 34,8 жаста бұзған. Этносаралық жұптың ажырасуы – 26,6%.

Ажырасу негізінен ортақ балалары жоқ ерлі-зайыптыларға тән – 40,3%. Бір ортақ баласы барлар – 30%, екі және одан да көп баласы барлардың 29,7%-ы отбасын сақтамаған. Жұптардың басым бөлігі үйленгеннен кейін 5-9 жыл аралығында ажырасқан (27,7%). Отасқанына 2-4 жыл болғандардың ажырасуы – 21,7%, неке қиылғаннан кейін 2 жыл ішінде – 7,5%, ал отбасын құра салып 1 жыл ішінде ажырасқандар – 4,6%.

Некеде 10 жылдан астам болғандар арасында ажырасудың жалпы деңгейі 38,5%-ды құраған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу