Былтыр 143 жасөспірім өз-өзіне қол салған

978

Қолданыстағы заңда мектептегі буллингті алдын алу тетіктері жоқ.

Былтыр 143 жасөспірім өз-өзіне қол салған

Мәжіліс депутаты Динара Закиева балалар құқығын қорғау бойынша заңнамалық актілерге енгізілетін өзгерістерді дұрыс түсіну керек деп есептейді. Әлеуметтік желіде тараған заңға қатысты жалған деректерге сенбеуге шақырған ол, жалған ақпарат таратушылар көп екенін атап өтті. Сондықтан депутат ресми дереккөздерге ғана назар аударуды сұрады, деп хабарлады inbusiness.kz тілшісі.

"Кейбір қоғамдастық өкілдері ешбір дерекке негізделмеген, жалған ақпарат таратуда. Сондықтан бала құқығын қорғау бойынша заңнамалық актілерге қатысты деректерді парламент мәжілісінен алуға шақырамын", – деді депутат. 

Сонымен қатар Динара Закиева балаға қысым көрсету, қорлау тақырыбына тоқталды. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мәліметінше, еліміздегі оқушылардың 12%-дан астамы өзге адамдар тарапынан қысым көріп, қорланған. Бұған қоса тек өткен жылы ғана 143 жасөспірім өзіне-өзі қол салса, 306 бала суицид жасауға әрекеттенген. 

"Сонынымен қатар интернет технологияларының дамуы мен әлеуметтік желінің танымалдығы артып, кибербуллинг түсінігі өзекті бола бастады. Қолданыстағы заңнамалық актілерге жүргізілген сараптама, құжаттарда мектептегі буллингті алдын алу тетіктері қарастырылымағанын көрсетеді. Нәтижесінде оқушыларымызды қорғай алмай отырмыз. Кейде мұндай жағдайлар суицидпен аяқталып жатады. Мектеп мен білім беру мекемелерінде мұндай жағдайларды алдын алу үшін жүйелі жұмыс керек. Ол кеңес беру бағытында емес, міндетті талаптардан тұруы керек", – деді Динара Закиева.

Осылайша буллинг түсінігі Балалар құқығы туралы заң мен Білім беру туралы заңға енгізілмек. Мұны қадағалайтын және алдын алу шаралары бойынша бағдарлама әзірлейтін орган Білім және ғылым министрлігі болып бекітілмек.

"Өзгерістерде жазалау немесе кінәлі тарапты анықтау сынды түсінік жоқ. Тек қайғылы жағдайларға апаратын буллингті алдын алуға бағытталған", – деді мәжіліс депутаты.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу