Былтыр 16 805 этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

113

Бұл ақпаратты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратты.  

Былтыр 16 805 этникалық қазақ қандас мәртебесін алды Фото: liter.kz

2025 жылы 16 805 этникалық қазақ тарихи отанымен табысты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жалпы 1991 жылдан бері атамекенге 1 млн 164,8 мың этникалық қазақ оралған. 

"Қазақстанға келген қандастардың 44,5%-ы Өзбекстаннан, 44,1% – Қытайдан, 4% – Түрікменстаннан, 3% – Моңғолиядан, 2,5% – Ресейден және 1,9% – басқа елдерден.

Қоныс аударушылар 57,4%-ы еңбекке қабілетті жаста, 34%-ы еңбекке қабілетті жастан кіші және зейнеткерлер 8,6%", – делінген министрлік таратқан хабарламада.

Қандастарды қоныстандыру үшін еңбек күші тапшы келесі өңірлер белгіленді: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.

2025 жылы бекітілген квотаға сәйкес қоныстандыру өңірлерінде 2309 қандас орналастырылды.

Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия қарастырылған. Бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 275,2 мың теңгеден беріледі. Үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (59-дан 118 мың теңгеге дейін) беріледі.

1834 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 428 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Сонымен қатар тұрғын үй сатып алу және салу үшін экономикалық ұтқырлық сертификатын 586 отбасы алды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу