"Былтыр 2,1 млрд теңге бөлінген": Депутат шошқаға субсидия жылқыдан 40 есеге көп екенін айтты

522

Халық қалаулысы жылқыға субсидия беріліп, оның етін мемлекеттік сатып алу тізіміне енгізу қажет деген пікірде.  

"Былтыр 2,1 млрд теңге бөлінген": Депутат шошқаға субсидия жылқыдан 40 есеге көп екенін айтты Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса солтүстік және шығыс өңірлердегі жылқы шаруашылықтарына көмек көрсету туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Биылғы қалың қар, қатты қыс мал шаруашылығына оңай тиіп жатқан жоқ. Бұл, әсіресе, қазақ  "ер қанаты" деп бағалаған жылқы малына аса ауыр тиюде. Еліміздің солтүстік өңірлерінде жем-шөптің таусылып, далада қардың беті жаппай мұз құрсанып, жылқылар тебіндей алмай, толықтай қолға қараған, өлім-жітім көп деген ақпараттар келуде. Шаруалар онсыз да жем-шөбі жоқ, жөнді субсидия  берілмейтін жылқы малынан айырылып қалу қаупі бар. Өйткені, жем-шөбі таусылған фермерлер де, қорадағы  малына қараған ауыл адамдары да жылқыны арзан бағада болса да, соғым орнына жаппай сатып жатыр", - деді депутат Ауыл шаруашылығы министріне жолдаған депсауалында.

Ол Ақмола облысының  бірнеше ауданында жылқы басының азайып бара жатқанын айтып, дабыл қаққандар көп екенін жеткізді. Сөзінше, Зеренді ауданындағы ондаған ауылда жұрт жем-шөп таппай, қиналып отыр, бұдан басқа Ақкөл ауданының малшыларының жағдайы да мәз емес. 

"Бұған басты себеп – жайылым және шабындық жерлердің тапшылығы. Тіпті, жайылым жерінен мүлдем айырылып қалған көптеген ауылдарда (Зеренді ауданындағы Ақадыр, Айғыржал, Ортақ, Қошқарбай, Раздольный, Күсеп, Первомайский) жылқылар қолға қарап тұр. Егінді елдің іргесіне дейін егіп тастаған. Жанармай құны 300 теңгеден асып, аспандап кеткен. Осындай қыс қыспағы мен қиын-қыстаудың кесірінен әр ауылда жылқылар өліп жатқаны, қолындағы бар жылқысын тұяқ қалдырмай түгел сатып жіберген фермерлер жайлы ресми басылымдар да жазып жатыр. Яғни, көптеген ауыл тұрғындары көтерем болып жатқан көп жылқы көктемге жетпей қалуы мүмкін деп дабыл қағуда", - деп атап өтті Қазыбек Иса.

Мәжіліс депутаты жылқы малын аман алып қалу үшін арнайы "Жол картасын" жасау қажеттігін баса айтты. Ол жылқы етін мемлекеттік сатып алу тізіміне енгізуді ұсынып отыр. Сондай-ақ депутат Үкіметтің жылқыға субсидия беру мәселесін қайта қарауы қажет деген пікірде. 

"Бізде мал шаруашылығында құс тұқымдарына да, тіпті шошқаға да  субсидия бар. Төрт түліктің төресі – жылқыға мардымды субсидия жоқ.  Республикалық бюджеттен 2023 жылы жылқыға бар болғаны 52,9 млн теңге бөлінсе, шошқаға 2,1 млрд теңге бөлінген. Яғни, шошқаға бөлінген қаржы жылқыдан 40 еседей көп. Еліміздің басым бөлігі жемейтін шошқа етіне деген соншалықты ерекше қамқорлықтың сыры неде?", - деді Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу