Құжатта ел өңірлеріндегі жалақы қоры мен жұмыспен қамтылу көрсеткіштері көрсетілген, деп жазады inbusiness.kz сайты naryk.kz порталына сілтеме жасап.
Есепке сәйкес, өткен жылы Қазақстандағы жалдамалы қызметкерлердің жалпы еңбекақы қоры 20,4 трлн теңгеден асты. Елде 90 541 кәсіпорын жұмыс істеген. Қызметкерлердің тізімдік саны 4 миллионнан асып, нақты жұмыспен қамтылғандар саны 3,8 млн адамды құрады. Жалпы төленген жалақының 8,8 трлн теңгесі әйелдерге тиесілі.
Ең үлкен жалақы қоры дәстүрлі түрде ірі қалаларда шоғырланған. Көш басында Алматы тұр – қаладағы еңбекақы қоры 3,56 трлн теңгеге жеткен. Одан кейін Астана – 2,47 трлн теңге. Осы екі мегаполистің өзінде елдегі жалпы жалақы қорының үштен біріне жуығы, яғни 6 трлн теңгеден астам қаражат шоғырланған.
Өңірлер арасында жоғары көрсеткіш мұнайлы облыстарда сақталған. Атырау облысында жұмыс берушілер 1,28 трлн теңге, ал Маңғыстау облысында 1,21 трлн теңге жалақы төлеген.
Жұмыспен қамтылғандар саны бойынша да Алматы көш бастап тұр – мұнда 534,2 мың адам еңбек етеді. Астанада бұл көрсеткіш 347 мың адамға жеткен. Еңбек ресурстарының жоғары шоғырлануы Қарағанды облысында (261,2 мың адам) және Түркістан облысында (261,9 мың адам) да байқалады.
Еліміздегі кәсіпорындардың басым бөлігін шағын бизнес құрағанымен, еңбекақы қорының негізгі бөлігін ірі компаниялар қамтамасыз етеді. Ірі бизнеске жалпы еңбекақы қорының 11,14 трлн теңгесі тиесілі. Орта кәсіпорындар 5,24 трлн теңге, ал шағын бизнес 4,05 трлн теңге жалақы төлеген.