Президент әлеуметтік сақтандыру жүйесі тиімді жұмыс істеп тұрғанын және жұмыссыз қалған, асыраушыдан айрылған және еңбекке жарамсыз адамдарға арнайы көмек берілетінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Мен медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы заңға жыл басында қол қойдым. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің көбінде мұндай норма жоқ. Сонымен қатар басқа елдермен салыстырғанда Қазақстан халқына ақысыз медициналық көмек алуға заңмен кепілдік берілген. Тек былтырдың өзінде 3,6 миллион адам мемлекет есебінен ақысыз дәрі-дәрмек алған. Елімізде Әлеуметтік сақтандыру жүйесі тиімді жұмыс істеп тұр. Жұмыссыз қалған, асыраушыдан айрылған және еңбекке жарамсыз адамдарға арнайы көмек беріледі, – деді Мемлекет басшысы.
Биыл осындай әлеуметтік төлемдердің көлемі 10 пайызға ұлғайды.
– Бүгінге дейін 660 мыңнан астам адамға шамамен 70 миллиард теңге қаржылай қолдау көрсетілді. Осы жылы жәрдемақының барлық түрінің, базалық және ортақ зейнетақының мөлшері 10 пайызға көбейді. Мұның бәрі – Қазақстанда дүниеге келгеннен бастап өмір бойы берілетін әлеуметтік көмектің аздаған бөлігі ғана.
Өкінішке қарай, мемлекеттің мұндай қолдауын көпшілік тиісті деңгейде бағалай бермейді, оны солай болуға міндетті деп қабылдайды, аспаннан шұға жауғандай көреді.
Халықаралық сарапшылар үкіметтерге қоғамда жалқаулық белең алып, азаматтардың жұмыс қабілетінің төмендеуі мүмкін екені туралы ескертуде, – деді Президент.