Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов айтты, деп жазады inbusiness.kz
"Өткен жылдың сәуір айында Мемлекет басшысының мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралары туралы Жарлығына сәйкес, агенттік тиісті мониторинг пен талдау жұмыстарын жүргізді. Денсаулық сақтау, білім беру, еңбек және әлеуметтік қорғау салалары қамтылды. Талдау жұмыстарымен қатар жалпы мемлекеттік органдардың қызметінде көп кездесетін және жиі айтып жүрген ішкі әкімшілік ресімдеріне кешенді мониторинг жүргізілді", - деді спикер.
Оның сөзінше, өткен жылы көрсетілген мемлекеттік қызметтер бойынша 756 тексеру жүргізілген.
"Нәтижесінде 46 мыңға жуық заңбұзушылық анықталды. 124 қызмет алушының құқығы қорғалды. 602 лауазымдық тұлға тәртіптік, 305 лауазымдық тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Агенттік жанында сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыру және оның қызметін бюрократиядан арылту мәселелері жөнінде консультативтік-сараптамалық топ құрылып, онда мақұлданған ұсыныстар мемлекеттік органдарға шешім қабылдауға жіберіледі", - деп толықтырды Салауат Мүксімов.