Қаржылық мониторинг агенттігі былтыр айналымнан 2 мыңнан астам жалған ақша алынғанын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты
"Желіде азаматтар шынайы ақшаны жалған немесе сувенирлік ақшамен шатастыратын бейнелер таратылады. Бұл бейнероликтер адамдар тиісті назар аудармай, шынайы ақшаны жалған немесе сувенирлік ақшадан ажырата алмайтынын және заңсыз операцияларға қатысу сияқты жағымсыз салдарға әкеп соғатынын көрсетеді. 2024 жылдың басынан бастап Қазақстан аумағында айналымнан 2 мыңға жуық жалған банкнота алынып, қаржылық тұрақтылыққа елеулі қауіп төндірді. Жалпы алынған жалған ақшалардың сомасы 80 миллион теңгеден асты", – делінген хабарламада.
Жалған банкнота жасаумен және сатумен айналысқан 8 адам сотталған. Олар 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылған.
"Мұндай жағдайларды болдырмау үшін ақшалай операциялар кезінде банкноталарды тексеріңіз. Ақша қағазының сапасына, қорғаныш элементтеріне (мөртаңбасы, микроэлементтері, белгілі бір жарықта көрінетін белгілері) және текстура мен шрифтіне назар аударыңыз. Жалған ақша жасаушылардың құрбаны болып қалмау және қылмыстық қудалауға түспеу үшін, бөтен адамдармен ақша алмастырып, валюта айырбастау бойынша қолайлы курс ұсынса да делдалдармен мәміле жасамағаныңыз дұрыс", – деп хабарлады ҚМА.