Былтыр Атырауда жергілікті бюджеттің 76 пайызы әлеуметтік салаға жұмсалды

880

Биыл индустрияландыру картасы аясында 2 жоба іске қосылып, 570 жұмыс орны ашылмақ.  

Былтыр Атырауда жергілікті бюджеттің 76 пайызы әлеуметтік салаға жұмсалды

Былтыр Атырау облысы короновирустық инфекция пандемиясы экономиканың дамуына тежеу болғанына қарамастан кей салаларда оң көрсеткіштерге қол жеткізген. Бұл жөнінде облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың халық алдындағы онлайн есеп беруінде айтылды, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Атап айтсақ, аймақ басшысының айтуынша, 2020 жылы жергілікті бюджеттің 76 пайызы білім беру, денсаулық сынды әлеуметтік салаларды дамытуға жұмсалған. Ал республикалық бюджет пен Ұлттық қорға өңірден 1,8 трлн теңге салықтар мен төлемдер келіп түскен. 

Сонымен қатар, облыста есепті кезең ішінде индустрияландыру картасы аясында 7 жоба ашылып, 580 жұмыс орны құрылған. Олардың қатарында, "Доктор Хаус" ЖШС-нің "Медициналық бетперделер өндірісі", "Бұйырғын" ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің "Құс етін өндіретін фабрикасы" және "Бест Модуль" ЖШС-нің металдан жасалған модульдік ғимараттары бар. Ал биыл индустрияландыру картасы аясында 2 жоба іске қосылып, 570 жұмыс орны ашылмақ.  

2020 жылы "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасы аясында Атырауда 453 кәсіпкердің жобасы үшін 28 млрд 600 миллион теңге несие берілген. Сондай-ақ, пандемия ушыққан кезде 22 мыңнан астам шағын және орта бизнес иелеріне салықтық жеңілдіктер жасалып, 5 мыңға жуық кәсіпкерлік нысаны көмек алған.  Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге берілген субсидия көлемі 3,7 млрд теңге құрайды. 

"Былтырғы көрсеткіш бойныша агросектордағы жалпы өнім көлемі 86 млрд 500 млн теңгені құрады. Озық технологиялардың есебінен қуаттылығын арттырған субъектілер де бар. Мысалы, "Бұйырғын" кооперативі 104 тонна өнім өндіріп, агросектордағы ірі шаруашылықтардың біріне айналды. Махамбет ауданындағы "Дастан" шаруа қожалығы инфрақұрылымын жаңартып, дақылдардың шығымдылығын 2,5 есе арттырды. Аталған шаруашылық былтыр 1 гектар жылыжайды іске қосып, науқаннан тыс мезгілдерде де көкөністер өндіруге кірісті", - деп мәлімдеді аймақ басшысы. 

Құралай Қуатова 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу