Ауыл шаруашылығы министрі Үкімет отысында 2022 жылы Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту қорытындылары туралы есеп берді, деп жазады inbusiness.kz.
Ербол Қарашөкеевтің ақпараты бойынша былтыр жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 9,1% ұлғайып, 9,3 трлн теңгені құрады.
"Бұл өсімдік шаруашылығы өнімін өндірудің 15%-ға ұлғаюы есебінен болды. Қолайлы ауа-райы егін жинау науқанын тоқтаусыз өткізуге және 22,8 млн тонна астық жинауға мүмкіндік берді. Бұл соңғы 10 жылдағы ең жақсы астық дақылдарының көрсеткіші болып отыр. Мал шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 0,9%-ға ұлғайып, 3,6 трлн теңгені құрады", – деді.
Министр ет өндіру көлемі 0,4%-ға (шамамен 2,2 мың тонна), сиыр сүтін өндіру көлемі 2%-ға (6,3 мың тонна), тауық жұмыртқасын өндіру көлемі 4,4%-ға (5 млн дана) өскенін атап өтті. 2022 жылы тамақ өнімдерін өндірісі 3,9% өсу динамикасын көрсетіп, ақшалай есепте 2,9 трлн теңгені құрады. Елімізде өсімдік майы, қант, жарма, ұн, шұжық және макарон өнімдері көбірек өндіріле бастады.
"2022 жылы 241,3 млрд теңге сомасына 267 жоба пайдалануға берілді. Жобалар саны бойынша 2022 жылға арналған жоспар орындалды. Нәтижесінде, есепті кезеңде ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 6,9%-ға ұлғайып, 855,7 млрд теңгені құрады", - деді министр.