Бұл туралы ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын сақтау департаменті директорының орынбасары Олжас Ысқақов айтты.
Балаларға медициналық көмек кепілдік берілген көлем және МӘМС шеңберінде тегін көрсетіледі, өйткені балалар халықтың жеңілдікті санаттарының тізбесіне кіреді.
"2022 жылы балаларға медициналық көмекті қаржыландырудың жалпы көлемі 560 млрд. теңгені құрады.
ҚР ДСМ деректері бойынша, елде 249 босандыру ұйымы жұмыс істейді, оның ішінде 39 перинаталдық орталық бар, онда жаңа туған нәрестелерге көмек көрсету үшін 140 төсек орналастырылған. Сонымен қатар, қалпына келтіру емін 49 балаларды оңалту орталығынан алуға болады, оның ішінде 3 республикалық деңгейдегі (Астана қаласындағы Ұлттық балаларды оңалту орталығы, "Балбұлақ" оңалту орталығы, "Алатау" балалар клиникалық санаторийі). 2022 жылдың 12 айында 83 мыңнан астам бала тәулік бойы және күндізгі стационарлар деңгейінде оңалту бойынша негізгі аурумен емделді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18%-ға артық екенін айта кеткен жөн", – деді спикер.
Олжас Ысқақовтың айтуынша, жүктілік кезінде даму кемістіктерін анықтау сапасын жақсарту үшін 18 ұрықты сақтау орталығы құрылды, онда ультрадыбыстық және биохимиялық скрининг, генетиктермен кеңесу жүргізіледі.
"1,2 млн ұрық скринингін жүргізу барысында 3,5 мың туа біткен кемістік анықталды, медициналық көрсеткіштер бойынша 1340 жүктілік үзілді. Өткен жылы балаларды скринингпен қамту 12%-ға ұлғайды, неонаталдық скринингпен қамту 92,6% - ды, аудиологиялық 78,1% -ды, психофизикалық 95% -ды, офтальмологиялық 99,1% -ды құрады", – деді Ана мен бала денсаулығын сақтау департаменті директорының орынбасары.
ҚР ДСМ ақпараты бойынша, 2022 жылы амбулаториялық деңгейде 118 млн.баланы консультациялық-диагностикалық қабылдау жүргізілді, тәулік бойы стационар жағдайында 576 мың бала емделді, балаларға 100 мыңнан астам операция жасалды.
Ол аса ауыр жағдайларда балалардың өмірін сақтап қалу үшін Қазақстанда телемедициналық технологиялар мен медициналық авиация іске асырылғанын атап өтті. Санавиацияның 497 ұшуы, оның ішінде жаңа туған нәрестелерге 271 ұшу орындалды, 1072 балаға медициналық көмек көрсетілді.
"Жалпы, 2022 жылдың қорытындысы бойынша балалардың жалпы сырқаттанушылық көрсеткіші 100 000 балаға шаққанда 4,3%-ға, бастапқы сырқаттанушылық көрсеткіші 6%-ға төмендеді", – деді Ана мен бала денсаулығын сақтау департаменті директорының орынбасары.
Денсаулық сақтау министрлігінің басшылары диалог форматында балалар денсаулығын сақтау саласындағы ең өзекті мәселелерді талқылады, сондай-ақ пациенттер мен азаматтық қоғамдастықтар өкілдерінің әрбір өтініші бойынша толық түсініктемелер берді.