Болгар сауда-өнеркәсіп палатасының (БСӨП) алаңында аралас форматта "Қазақстанның жаңа инвестициялық мүмкіндіктері" тақырыбында қазақстандық-болгар бизнес-форумы өткізілді. Бұл туралы inbusiness.kz Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Софиядағы Қазақстан Елшілігі БСӨП және "Kazakh Invest" ҰК" АҚ-мен бірлесіп ұйымдастырған іс-шара жұмысына 60-тан астам ауыл шаруашылығы өнімі кешені, мұнай өнеркәсібі, медицина, ІТ, туризм, құрылыс, сауда және басқа да салалардың өкілдері қатысты.
Қазақстан Елшісі Виктор Темірбаев іс-шараға қатысушыларды ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен саяси және әлеуметтік реформалар, Үкіметтің іскерлік ахуалды жақсарту бойынша қабылдап жатқан шаралары, сондай-ақ шетелдік компанияларды Қазақстанға орналастыру туралы хабардар етті. Ол Қазақстан мен Болгария арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды жандандырудағы Елшіліктің ұмтылысын атап өтті.
"Kazakh Invest" ҰК" АҚ-ның Еуропадағы өкілі Сәкен Олжабаев Қазақстандағы инвестициялық ортаны жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар, шетелдік инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары, экономиканың өңдеуші салаларында инвестициялық жобаларды іске асыруға дайын компаниялар үшін Үкімет жасап жатқан қолайлы жағдайлар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Өз кезегінде, БСӨП президенті Цветан Симеонов бүгінгі іс-шара одан әрі жемісті ынтымақтастыққа серпін беретіндігін және форум Қазақстан мен Болгарияның іскер топтары арасында жаңа түйісу нүктелерін табуға, байланыс орнатуға мүмкіндік жасайдығын атап өтті.
Форум барысында сондай-ақ "Астана" халықаралық қаржы орталығы Инвестициялар департаментінің директоры Марат Бірімжан, "Invest Bulgaria" инвестициялар жөніндегі агенттігінің бас сарапшысы Юлиан Балчев және "Kazakh Tourism" ҰК" АҚ Инвестициялық жобалар департаментінің бас менеджері Сажида Қалқаманова сөз сөйледі.
Іс-шара соңында Қазақстан мен Болгарияның бизнес өкілдерінің арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудің жаңа жолдары туралы пікір алмасу өтті.
ҚР Ұлттық банкінің деректеріне сәйкес, 2022 ж. қорытындысы бойынша Болгариядан Қазақстанға 8,66 млн АҚШ доллары сомасында инвестициялар тартылды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 47,3%-ға артық (5,88 млн АҚШ долл.). Жалпы, 2005 жылдан 2022 жылға дейін Болгариядан Қазақстанға ТШИ жалпы ағыны 64,39 млн АҚШ долларын құрады.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Статистика бюросының деректері бойынша 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда болгар капиталының қатысуымен 121 кәсіпорын тіркелген, оның ішінде 74-і жұмыс істеп тұр, олар негізінен көтерме сауда, автомобильдерді жөндеу (25), өңдеу өнеркәсібі (5), құрылыс (5), ТМК (4), сондай-ақ ғылыми-техникалық қызметте (12), әкімшілендіруде (7) және басқа да салаларда жұмыс істеуде.