Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"2023 жылдың қорытындысы бойынша халық денсаулығының негізгі көрсеткіштерінің жақсарғаны байқалады, аурушаңдық 6,5% төмендесе, жалпы өлім – жітім 5,4% түсіп, соның ішінде қанайналым жүйесі ауруларынан 6,8%-ға, тыныс алу ағзаларының ауруларынан 4,5%-ға, обыр ауруларынан 3%-ға, туберкулезден 22,1%-ға, ал жалпы инфекциялық аурулардан болатын өлім көрсеткіштері 10%-ға төмендеді", – деді министр.
2023 жылдың қорытындысы бойынша инфекциялық аурулар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты болды. Халық арасында жүргізілетін профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралардың нәтижесінде 20 инфекциялық ауру, оның ішінде: оба, тырысқақ, полиомиелит тіркелген жоқ.
"39 инфекция, оның ішінде коронавирус инфекциясы, ротавирустық инфекция, жіті ішек инфекциясы және басқа да аурулар бойынша сырқаттанушылықтың төмендеуі байқалды. 8 инфекциялық ауру, оның ішінде қызылша, көкжөтел, сібір ойық жарасы бойынша өсім тіркелді", – деді Ажар Ғиният.