Қазақстанда 90 мыңнан астам электрондық шот-фактураларды пайдаланушы тіркелді. Бұл туралы Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде Салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру" тақырыбындағы Үкімет сағатында еліміздің Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
"Электрондық шот-фактуралар" жүйесін енгізу аясында орасан зор жұмыс жүргізілді. Бұл жүйенің артықшылықтарына көз жеткізген көптеген кәсіпкер 2015 жылдан бастап, шот-фактураларын электронды форматта ресімдеуде. Мысалы, 2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, 90 мыңнан астам ЭШФ пайдаланушылар тіркелді, оларға 7,6 трлн теңге сомасына 21,4 млн электронды шот-фактуралар жазып берілді. Электрондық шот-фактураларды тиімді пайдаланудың жақсы мысалы біздің ұлттық оператор "Қазақтелеком" акционерлік қоғамы болып табылады. Оның барлық шот-фактурасының 98% электрондық форматта жазып беріледі. Компания пошталық шығындардан айына – 7 млн теңге, қағаз және техникалық қызмет шығындарынан 450 мың теңге үнемдеп отыр", – деді ол.
Министрдің айтуынша, электрондық шот-фактура ақпараттық жүйесінің жұмысы іс жүзінде жалған кәсіпкерлер қызметін пайдалана отырып, салық төлеуден жалтарудың қолданыстағы сызбасын іс жүзінде барынша азайтады.
"Электрондық шот-фактуралар ақпараттық жүйесінің дерекқорында "Виртуалдық қойма" модулімен тауарларды қадағалау және есепке алу жүйесі енгізілді. Осы модульде кедендік декларация тиісті ақпараттық жүйе арқылы электрондық шот-фактураға "тізгінделетін" болады. Бұл бүкіл жеткізілетін тауарлар тізбесіне мониторинг жасауға мүмкіндік береді", – деді Сұлтанов.