Былтыр елімізге Франциядан 11 млн-нан астам доллардың иіссуі жеткізілген

1037

Былтыр елімізге Франциядан 11 млн-нан астам доллардың иіссуі жеткізілген

Халықаралық әйелдер күні мерекесінде ең көп тарту етілетін сыйлықтың бірі иіссу. ҚР Ұлттық экономика министрлігі статистика комитеті Қазақстанға шетелден келетін косметика туралы мәліметтерді ұсынды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

Статистика мәліметіне сүйенсек, бұл сала бойынша Қазақстан нарығын Франция мен Ресей тауарлары жаулап алған. 2016 жылы Франциядан 11,7 млн долларға иіссулар сатып алынып, жеткізілген. Ресейден 11,3 млн доллар болса, АҚШ-тан 3 млн доллардың тауары алынған.

Егер 2015 жылмен салыстырсақ, ол жылы Франциядан 13 млн долларға, Ресейден 9,7 млн долларға косметика бұйымдары алынған. Одан кейінгі орында Швеция, Польша, Түркия, Италия, Испания елдері тұр. Бұл елдердің әрқайсысынан 1 млн доллардың иіссулары жеткізілген. Бұл салада Қытайдың үлесі төмен. Қазақстандықтар 860 мың долларға ғана Қытай әтірлерін алған. Айта кетейік, Қазақстанға иіссулар Нидерланды, Жапония, Мексика, БАӘ сынды елдерден де жеткізіледі.

Ерінді бояп, түзеуге қажет дүниелер бойынша 2016 жылы Ресей тауарлары көш бастап тұр. Нақтырақ айтқанда, Ресейден 2,8 млн долларға осы салада тауарлар алынса, Польшадан 1,2 млн долларға, Франциядан 870 мың долларға тауар алынған. Бұл жерде Қытай тауарларына сұраныс аз болып тұр, аталған елден қазақстандықтар 550 мың доллардың тауарын алған. Ал, көзге арналған бояу, әрлеу заттары жағынан да Ресей тауарлары Қазақстанға көп тасымалданған. 2016 жылдың қорытындысы бойынша, Ресейден әйелдердің көз күтімі үшін қажетті 3,4 млн доллардың тауары алынған. Ал 2015 жылы бұл тауарлардың құны 1,3 млн болған. Ресейден кейін Қытай мен Польша тауарларлы алғашқы сатылардан көрінеді. Бұл елдерден 1,4 млн және 1,1 млн доллардың тауары сатып алынған.

Бұл өнімдер АҚШ, Франция, Беларусь, Сирия, Пәкістаннан да жеткізіледі. Бетке жағатын опа-далаптың (пудра) ең көбі де Ресейден алынады.

2016 жылы қазақстандық қыз-келіншектер үшін Ресейден 600 мың долларға опа-далап әкелінген. Сонымен қатар, Италиялан 550 мың доллардың тауары жеткізілсе, Ирландиядан 200 мың долларға косметика алынған. Ал Қытай мен Франциядан 530 және 320 мың доллардың тауары сатып алынған.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу