Әлемдік туристік рейтингте Қазақстанның позициясы нығайып келеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
– 2025 жылы туристік сектор тұрақты өсуін көрсетті. Өсім ішкі және сырттан келу туризмі, сондай-ақ орналастыру объектілері көрсететін қызметтер көлемі бойынша байқалды. 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша орналастыру орындарының қызметтерін пайдаланған ішкі туристер саны 6,7 млн адамды құрады, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 741,3 мың адамға артық. Былтыр елге әр түрлі туристік мақсатпен 15,7 млн шетелдік (2024 жылы – 15,3 млн адам) келген. Бұған еңбек мигранттары мен тұрақты тұруға келген адамдар кірмейді. Осы оң динамика елге сыртқы нарықтар тарапынан қызығушылықтың артқанын көрсетеді, – деді Нұрбол Байжанов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәсихатында.
Оның айтуынша, қонақүйлерді, демалыс базалары мен жалға берілетін үйлерді қоса алғанда, орналастыру объектілерінің жиынтық табысы 268 млрд теңгені құрады, бұл көрсеткіш 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 44 млрд теңгеге артық. Орналастыру нысандарының саны 4499-ға жетті.
– Қазақстан әлемдік туристік рейтингте өз позициясын нығайтып келеді. Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық индексінде Қазақстан 119 елдің ішінен 52-орынға көтерілген, бұрын 66-орында болған. Бұл туристерге ыңғайлы жағдай жасау мен олардың қауіпсіздігін арттыру, инфрақұрылымды жақсарту және туристік объектілердің қолжетімділігін арттыру бойынша жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсетеді, – деді комитет басшысы.