2018 жылы Қазақстанның 54,3 млн тонна мұнайы КҚК арқылы Новороссийскіге жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Былтыр Каспий құбыр консорциумы арқылы теңіз терминалынан Новороссийск портына тасымалданған 61 млн тонна мұнайдың 54,3 млн тоннасы Қазақстанның мұнай кеніштерінен өндірілді. 2018 жылы ең көп мұнай берген Теңіз кен орны болды. Одан 28,7 млн тонна мұнай өндірілді. Қашағаннан 13,2 млн тонна, Қарашығанақтан 10,3 млн тонна мұнай алынды", – деп мәлімдеді компанияның баспасөз қызметі.
Айта кетейік, КҚК құбыр жүйесі – ТМД аумағында энергетика саласында шетелдік капиталдың қатысуымен іске асырылған ең ірі инвестициялық жобалардың бірі. Теңіз – Новороссийск құбырының ұзындығы – 1 511 км. Қазақстан экспортқа шығаратын жалпы мұнайдың үштен екісі осы бағдармен тасымалданады.