2022 жылдың қорытындысы бойынша "KazakhExport" экспорттық сақтандыру компаниясының" отандық экспорттаушыларға қолдау көрсету көлемі 259,1 млрд теңгеге жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш, деп жазады inbusiness.kz компанияның ресми сайтына сілтеме жасап.
Ақпаратқа сәйкес, ұсынылған экспорт алдындағы және экспорттық-сауда қаржыландыру көлемі 20,02 млрд теңгені құрады.
"2022 жылы KazakhExport 80 экспорттаушыға қолдау көрсетті, олардың 21-і бұдан бұрын ынтымақтастық болмаған компаниялар. Олар 526 шетелдік сатып алушымен сауда қатынастарын орнатты. Отандық экспортқа қолдау көрсетуге бюджет қаражатын пайдаланбай, "KazakhExport" сақтандыру өтемімен қаржы институттарынан 166,2 млрд теңге сомаға қаражат тартылғанын атап өткен жөн", - деді "KazakhExport" Басқарма төрағасы Аслан Қалиғазин.
Экспорттық бағыттар тізімінде Өзбекстан, Ресей, Ауғанстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қытай, Түрікменстан, Әзірбайжан, Литва, Украина, Беларусь, Италия және Түркия сияқты елдер бар.
Салалар бойынша тамақ өнеркәсібі топ бастап тұр. Машина жасау мен металлургияда көрсетілетін қызметтер экспортына – 5,3%, химия өнеркәсібінің тауарларына – 3,4%, агроөнеркәсіптік кешен өнімдеріне 2,4% тиесілі.
"Өзбекстан, Тәжікстан банктерімен аккредитив шеңберінде жеңілдікпен қаржы тарта отырып, Қазақстаннан тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің импортына сұранысты ынталандыру туралы стратегиялық келісімдерге қол қойылды. Бұдан басқа Иран банктерімен экспорттық кредиттер мен инвестицияларға кепілдік беру және сақтандыру саласында, Қырғызстан банктерімен қайта сақтандыру шеңберінде келісім жасалды", - деп атап өтті Аслан Қалиғазин.
6 жыл ішінде "KazakhExport" 196 отандық экспорттаушыға 845,3 млрд теңгеге қолдау көрсетті.