Былтыр Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара алыс-беріс көлемі 4,4 млрд доллар болды

199

Қазақстан Өзбекстанға келетін туристер саны бойынша елдердің бестігіне кіреді.

Былтыр Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара алыс-беріс көлемі 4,4 млрд доллар болды Фото: ia-centr.ru

Қазақ-өзбек арасындағы бизнес кооперация жоғары деңгейде тұр. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынаста экономикалық ынтымақтастықтың негізі болып есептелінетін сауда маңызды рөл атқарады. Ол екі елдің дамуына ықпал етеді. Бүгінгі таңда Қазақстан Өзбекстанның сауда серіктестері арасында Қытай мен Ресейден кейін тұрақты үшінші орында тұр. 2023 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы  4,4 млрд долларды құрады. Бүгінде Қазақстан Өзбекстанға келетін туристер саны бойынша елдердің бестігіне кіреді. Бұл қазақстандықтардың Өзбекстанның бай мәдени және тарихи мұрасына деген қызығушылығының артып жатқанын көрсетеді. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бизнес кооперация да жоғары деңгейде", - деді ол елордада өткен Қазақстан-Өзбекстан іскерлік кеңесінің 6-шы отырысында.

Бейбіт Атамқұловтың дерегінше, Өзбекстанда қазақстандық капиталы бар 1043 компания мен кәсіпорын табысты жұмыс істеп тұр. Құрылған бірлескен кәсіпорындар саны бойынша да Қазақстан Өзбекстанның серіктес үш елдің қатарына кіреді. 

"Өткен жылдың аяғында "Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының қызметін реттеу туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды. Тиісті орталық жаңа өндірістерді, жұмыс орындарын құруды, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп өнімдерін қайта өңдеуді ынталандырады, сонымен қатар тауарларды одан әрі тасымалдау үшін логистикалық қызметтерді қамтамасыз етеді", - деп жалғастырды спикер.

Төтенше және өкілетті елші екіжақты ынтымақтастықтың жаңа түріне тоқталды.

"Яғни ол кезде шекарада аймақ құрылады, екі жақтан учаскелер бөлінді, барлық құжат заң шығарушы органдар – Парламентте тиісті растаудан өтіп жатыр. Біз бұл басқа да көрші елдермен қарым-қатынаста қолдануға болатын мысалдардың бірі болады деп күтеміз. Өндірістік кооперация жүк тасымалының тиімділігіне тікелей байланысты", - деді Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұлов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу