Былтыр Қазақстанға 21,3 мың қандас келді

388

Жыл санап тарихи отанына оралған қандастардың саны артып жатыр. 

Былтыр Қазақстанға 21,3 мың қандас келді Фото: dalanews.kz

Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте этникалық көші-қонды реттеу мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Өткен жылы елге 21 325 қандас келсе, оның ішінде еңбекке қабілетті жастағы 12 829 қандас, олардың бәрі бейімдеу және әлеуметтік қолдау, жұмысқа орналастыру шараларымен қамтылған. Құжаттарды қабылдау шетелдегі мекемелер немесе eQonaq мобильді қосымшасы арқылы іске асырылады. Шетелдегі мекемелер 2023 жылдың шілдесінен бастап "бір терезе" қағидаты бойынша жұмыс істейді. "Қандас" автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне 42 елшілік пен консулдық мекеме қосылған", - деді спикер.

Асқарбек Ертаев былтырғы қазаннан бастап eQonaq мобильді қосымшасы арқылы "қандас" мәртебесін алуға өтініш беру қызметі іске қосылғанын еске салды.

"Қандастарды қоныстандыру 5 бағыт бойынша жүзеге асырылады. Елімізде сұранысқа ие мамандық иелері, өз бетінше жұмысқа орналасуға мүмкіндігі болса қандас мәртебесі беріліп, қоныстандыру үшін кез келген өңірге жіберіледі. Қазақстан азаматтары арасынан жақын туыстары бар адамдар туыстары тұрғылықты орналасқан өңірлерге қоныстануға жіберіледі. Сұранысқа ие мамандық және жақын туыстары болмаған жағдайда этникалық қазақтар мемлекеттік қолдау шараларын ала отырып, Үкімет айқындаған өңірлерге жіберіледі. Сондай-ақ, қандастар агломерациялар аумағына және ауылдық елді мекендерге және демографиялық дамуға қажеттілігі бар қалаларға жіберіледі", - деп түсіндірді Көші-қон комитетінің төрағасы.

Бесінші бағыт Қазақстанның ЖОО-ларында оқитын этникалық қазақтар үшін көзделген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу