Өткен жылы отандық көлік өнеркәсібі еліміздің жалпы ішкі өніміне үлес қосуда фармацевтика мен тоқыма өнеркәсібін басып озды. Бұл туралы "Қазавтоөнеркәсіп" Қазақстанның автомобиль саласы кәсіпорындарының одағына сілтеме жасап "ҚазАқпарат" ХАА хабарлайды.
"2016 жылдың қорытындысы бойынша елдің ЖІӨ-сінің құрылымындағы автоөнеркәсіп кәсіпорындарының үлесі 71,1 млрд теңгеге жетіп, фармацевтика (42,4 млрд теңге), тоқыма (39,2) өнеркәсібі сынды салалардың көрсеткіштерінен біршама артып, жеңіл өнеркәсіп көлеміне (79,4 млрд теңге) жетіп қалды", – делінген хабарламада.
Компания ақпаратына сәйкес, 2016 жылдың қорытындысында еліміз бойынша 71,1 млрд теңгеге 11 047 бірлік автокөлік құралы шығарылған. Бұл 2015 жылдың көрсеткішінен 26 пайызға төмен. Отандық нарыққа 8397 жеңіл көлік жөнелтілген. Ал қазақстандық кәсіпорындар 2016 жылдың қорытындысында жүк көліктерін шығаруды 22,5 пайызға (1892 көлік) арттырған. Аталған кезеңде 362 автобус құрастырылды.
"2015-2016 жылдары автомобиль өндірісі көрсеткіштерінің қысқаруының негізгі себебі нарықтағы сұраныстың күрт құлдырауы болды. Мәселен, 2016 жылдың 12 айының қорытындысында ресми дилерлер барлық санаттағы автокөлік құралдарының 46,8 мыңын сатты. Ал 2015 жылы 97,5 мың көлік сатылған болатын", – делінген хабарламада.