"Даму-Аймақтар" шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін аймақтық қаржыландыру бағдарламасы аясында 2016 жылы 32 қызылордалық кәсіпкердің жобалары жүзеге асты. Бағдарламаның сәтті жұмыс жасауы нәтижесінде 175 жаңа жұмыс орны ашылды, деп мәлім етті облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бүгінде шағын және орта кәсіпкерліктің ең басты қажеттілігі – ол қаржыландыру екені белгілі. Сондықтан да, Қызылорда облысының әкімдігі мен "Даму" Қоры бірлесіп, "Даму-Аймақтар" бағдарламасының жүзеге асуы үшін 1,5 млрд теңге қаражат бөлген болатын.
Аталған бағдарлама аясында аймақтың кәсіпкерлері 8,5% үстемемен 180 млн теңгеге дейінгі несиені "Қазақстан Халық Банкі" АҚ, "Банк ЦентрКредит" АҚ және "Казкоммерцбанк" АҚ секілді екінші деңгейлі банктерден алуға болатын бірегей мүмкіндікке ие болды.
"Даму-Аймақтар" бағдарламасының тиімділігін пайдаланған кәсіпкерлердің бірі "Спортмастер СБ" ЖШС компаниясының директоры Бауыржан Махмұтов. Ол "Банк ЦентрКредит" АҚ 8,5% үстемемен 20 млн теңге көлемде алған несиесін "Арай" мөлтек ауданында спорттық кешен ашуға жұмсады. Жас старт-аппер несие қаражатына қол жеткізу мақсатында "Даму" Қорының бөлшек кепілдендіру бағдарламасын да пайдаланды.
Облыс әкімдігі мен қор арасында 2017 жылы ынтымақтастықты жалғастыру туралы меморандумға қол қойылған болатын. Үстіміздегі жылы да "Даму-Аймақтар" бағдарламасы аясында кәсіпкерлер үшін 180 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие қолжетімді болды. Негізгі құралдары қайта жаңғырту мақсатындағы несиені 60 айға дейін берілсе, ал айналым қаражатын толтыруға 36 айға дейін мерзімге несие алу мүмкіндігі қарастырылған. Несиені кепілдендіру мөлшері жетіспеген жағдайда кәсіпкерлер "Бизнестің жол картасы 2020" бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясындағы бөлшек кепілдендіру құралын пайдалана алады. Кепілдендіру мөлшері әрекет етуші кәсіпкерлер үшін – 50%, ал бастауыш кәсіпкерлерге – несие сомасының 85% дейін қарастырылған.